Уақытылы тестілеу – денсаулықты сақтаудың кілті

Уақытылы тестілеу – денсаулықты сақтаудың кілті
Фото: freepik.com

Денсаулық пен аурулардың алдын алу мәселелері бүгінде ерекше маңызға ие. Соның ішінде өзекті тақырыптардың бірі – АИТВ инфекциясы. Бұл – дер кезінде анықталып, емделмеген жағдайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін созылмалы ауру. Алайда қазіргі заманғы медициналық мүмкіндіктер АИТВ жұқтырған адамдарға өмір сапасын сақтай отырып, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді. Мұның басты шарты – уақытылы тестілеу.

АИТВ дегеніміз не және өз мәртебеңді білу не үшін маңызды?

АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) иммундық жүйені зақымдап, ағзаның қорғаныс қабілетін әлсіретеді. Ем қабылданбаса, инфекция ЖИТС сатысына өтуі мүмкін. Көп жағдайда адам ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерді сезбей, қалыпты өмір сүре береді және вирус бар екенін білмеуі мүмкін.
Сондықтан тұрақты тестілеу аса маңызды – ол инфекцияны ерте анықтап, дер кезінде ем бастауға мүмкіндік береді.

Уақытылы тестілеудің артықшылықтары.

Ерте анықтау келесі маңызды мүмкіндіктерді береді:

  • уақытында емді бастау; заманауи антиретровирустық терапия вирусты бақылауда ұстап, иммундық жүйені қолдауға көмектеседі.
  • өмір сүру ұзақтығын арттыру; уақsтылы ем алған адамдар АИТВ-сыз адамдармен шамалас өмір сүре алады.
  • вирусты жұқтыру қаупін азайту; дұрыс ем қабылдағанда вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейге дейін төмендеп, басқаларға жұқтыру қаупі айтарлықтай азаяды.
  • өмір сапасын сақтау; уақытылы араласу асқынулардың алдын алады.

Тестілеу қалай өтеді?

АИТВ-ға тестілеу – қарапайым әрі қолжетімді процедура. Ол мыналарды қамтуы мүмкін:

  • венадан қан алу арқылы талдау;
  • экспресс-тест (нәтиже 15-20 минутта дайын болады);
  • АИТВ инфекциясының алдын алу орталықтарында тегін тексерілу.

Процедура толық құпия түрде жүргізіледі.

Кімдерге тестілеуден өту әсіресе маңызды?

Тұрақты түрде тексерілу ұсынылады:

  • белсенді жыныстық өмір сүретін адамдарға;
  • қорғалмаған жыныстық қатынас болған жағдайда;
  • серіктес ауыстырғанда;
  • жүктілікті жоспарлау кезінде, жүктілік барысында әйелге және оның жыныстық серіктесіне;
  • қауіп факторлары болған жағдайда.

Дегенмен, өмір салтына қарамастан, тестілеу әр адам үшін пайдалы екенін ұмытпау керек.

Мифтер мен қорқынышты жою.

Негізгі кедергілердің бірі – қорқыныш пен стигма. Көптеген адамдар түрлі күмән мен теріс пікірлердің әсерінен тест тапсырудан қашады. Бірақ АИТВ – үкім емес, дұрыс ем қабылдаған жағдайда бақылауға болатын жағдай екенін есте ұстаған жөн. Өз мәртебеңді білу – өзіңе және айналаңдағы адамдарға деген жауапкершіліктің көрінісі.

АИТВ инфекциясына ерте тестілеу – денсаулық пен өмір сапасын сақтаудың маңызды қадамы. Бұл тек медициналық шара ғана емес, сонымен қатар өз-өзіне саналы көзқарастың белгісі. Адам өз мәртебесін неғұрлым ерте білсе, соғұрлым денсаулығын сақтауға, жақындарын қорғауға және толыққанды өмір сүруге мүмкіндігі артады.

Тексерілуден АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында (Астана қаласы, І.Есенберлин көшесі, 5/1 және Е. Брусиловский көшесі, 4) немесе тіркелген емханаңызда өтуге болады. АИТВ орталығындағы қан тапсыру кабинетінің жұмыс уақыты: 8:30-12:30, 14:00-16:00. Сенім телефоны: 57-67-20, 38-07-02. Ресми сайт: https://www.kazaids.kz/

Астана қаласы АИТВ инфекциясының

алдын алу орталығының алдын алу жұмыс

бөлімінің меңгерушісі
Жайлаубаева А.А.