Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша өңірде көш бастап тұр – Президент

Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша өңірде көш бастап тұр – Президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөйлеген сөзінде елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданып жатқан іс-шараларға тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, инвестиция тартудағы маңызды факторлардың бірі – Астана халықаралық қаржы орталығының базасында жұмыс істейтін Сот пен Арбитраж орталығы.

«Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді.

Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.

Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.