Президент: Инвесторларды көптеп тарту үшін қолайлы орта жасауымыз керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы инвесторларға барынша жайлы жағдай жасауды және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуді аса маңызды міндет ретінде атады.
«Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Қазір алдымызда тұрған жұмыс – аса маңызды: инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берген жөн. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолданған абзал.
Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма.
Арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады.
Шетел инвестициясын қорғау, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, шарттардың ашықтығын және мемлекет ұсынатын кепілдіктердің бұлжымастығын қамтамасыз ету – негізгі мәселе, кезек күттірмейтін міндет.
Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көптеп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет.
Бұл, әрине, өте ауқымды шаруа. Сондықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Президент отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет екенін айтты.
«Маған бүгінде 50-ден астам инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімдеді. Жалпы көлемі екі триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.
Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек.
Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет.
Мұның маңызы зор. Өйткені, Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр.
Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды», - деді Президент.