Тоқаев: Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік.
Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді.
Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ, осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет.
Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады», - деді Президент.