Таяу Шығыстағы ахуал: Қазақстандықтардың көп бөлігі танымал туристік орындарда қалып қойған

Таяу Шығыстағы ахуал: Қазақстандықтардың көп бөлігі танымал туристік орындарда қалып қойған
Фото: СІМ

Таяу Шығыстың бірқатар еліндегі әскери-саяси ахуалдың ушығуына байланысты сондағы қазақстандықтардың жағдайы және оларды эвакуациялау мәселесіне қатысты Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді,, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәлімдеуінше, шет елдердегі мекемелердің дипломаттары жағдайдың дамуын үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдары және ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста болып, әуежайларға жүйелі түрде барып жүр.

Дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері өңірде төтенше байланыс желісі мен мессенджерлердегі жедел чаттар арқылы азаматтармен тәулік бойы байланыста болып, транзиттік аймақтарда орналасқан қазақстандықтардың тізімін тұрақты түрде жаңартып отыр.

«Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында ең көп қазақстандықтар танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлар орындары, сондай-ақ транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Оның ішінде БАӘ-де шамамен 3,5 мың, Сауд Арабиясы  Корольдігінде  - шамамен 3 мың және Қатарда 1,5 мыңға жуық адам.

Дипломатиялық өкілдіктердң ақпаратына сәйкес өңірдегі басқа мемлекеттерде - Иранда 82, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда –134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген», делінген хабарламада.

Өңірдегі елдердің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе рейстері тоқтағандықтан Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастырып жатыр. Атап айтқанда, БАӘ қонақүйлерінде азаматтарымызға жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген.

«Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шарасы халықтың неғұрлым осал санатына, атап айтқанда қарттар, әйелдер мен балаларға көрсетіледі. Бұған дейін Тегеран қаласынан «Заркух» компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда, Қазақстанның 50 азаматы шығарылды» , делінген хабарламада.

Қазақстанның шет елдердегі мекемелері шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарымызды эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.

Қазақстан азаматтарын Армения аумағы арқылы эвакуациялау үшін Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілді, олар эвакуация мәселесі бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Елдің құрлықтағы шекара бекетінен өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.

Екі азаматтың өтініші негізінде Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды. Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.

Министрлік өңірдегі жағдай тұрақтанғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті биліктің талаптарын орындауға, қауіпті аймақтардан аулақ болуға шақырады.

Еске сала кетсек, Көлік министрлігі Таяу Шығыс елдерінен азаматтарды алып келу шараларын талқылады.