Таяу Шығыс елдерінде жүрген азаматтар интернет пен қоңырауларды тегін пайдалана алады - министрлік мәлімдемесі
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Таяу Шығыс елдерінде жүрген азаматтарды қолдау шаралары туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты шетелде жүрген қазақстандықтардың жақындарымен тұрақты байланыста болып, мемлекет қолдауын сезінуі аса маңызды.
Осыған орай, еліміздің ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде арнайы байланыс пакеттері іске қосылды. Бұл пакеттер төменде көрсетілген елдерде болған уақытта интернет пен қоңырауларды тегін пайдалануға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Қолдау шаралары туралы толық ақпаратты мобильді операторлардың ресми сайтынан немесе мобильді қосымшалар арқылы білуге болады.
Министрлік байланыс операторларына қолдау шараларын жедел іске қосқаны үшін алғыс білдіреді.
Ведомство, сондай-ақ, азаматтарды Қазақстан Республикасының ресми қызметтері мен елшіліктерінің ұсынымдарын ұстануға, сондай-ақ өз қауіпсіздігі мен жақындарының амандығына ерекше назар аударуға шақырды.
Министрлік жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды және серіктестермен бірлесіп, шетелдегі отандастарымызға тұрақты байланыс пен қажетті қолдауды қамтамасыз ету бағытында жұмысты жалғастырады.
Еске салайық, бұдан бұрын отандық банк Таяу Шығыс елдерінде жүрген тұтынушыларына қолдау көрсететінін мәлімдеген болатын.