SOS батырмасы: елорда полициясы жоғалған телефонды иесіне қайтарды
Елордада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 40 арнайы SOS батырмасы орнатылған. Бұл батырмалар арқылы тұрғындар шұғыл жағдайда бірден полицияның көмегіне жүгіне алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елордада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 40 арнайы SOS батырмасы орнатылған. Бұл батырмалар арқылы тұрғындар шұғыл жағдайда бірден полицияның көмегіне жүгіне алады. Солардың бірі Түркістан көшесінде орналасқан SOS батырмасы арқылы тіркелді.
«Қала тұрғыны Ботаникалық бақтан «Samsung» маркалы ұялы телефонды тауып алғанын айтып, полицияға хабарласқан. Ақпарат түскен бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, табылған телефонды қабылдап алды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде құрылғының иесі анықталып, ұялы телефон оған қайтарылды», - делінген хабарламада.
Жыл басынан бері қала аумағында орналасқан SOS батырмалары арқылы 19 хабарлама келіп түскен.
Полиция азаматтарды жоғалған немесе табылған заттарға қатысты ақпаратты жасырмай, тиісті қызметтерге хабарлауға шақырады. SOS батырмалары осындай жағдайларда полициямен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы «SOS» батырмаларының саны 40-қа жеткенін хабарладық.