Шетелдік басқарған алаяқтар тобы қазақстандықтарға 125 млн теңге шығын келтірген

Шетелдік басқарған алаяқтар тобы қазақстандықтарға 125 млн теңге шығын келтірген
Фото: freepik.com

Түркістан облысында алаяқтықпен айналысқан бір топ адамға қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қыземтіне сілтеме жасап. 

Ведомствоның мәлімдеуінше, 2024–2025 жылдар аралығында шетел азаматы Қазақстан аумағында интернет және телефон арқылы алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топты құрған және басқарған. Күдіктілер өзін пошта немес байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, алдау арқылы азаматтардың атына несие рәсімдеп, қаражатты иемденген. Олар 21 адамға жалпы сомасы 125 млн теңге шығын келтірген. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 млн теңге қайтарылды. Күдіктілердің 3 автокөлік құралына тыйым салынды. Қалған шығын сот тәртібімен мәжбүрлеп өндіріледі.

Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі 1 тармағы (алаяқтық), 262-бабы 1, 2-бөлімі (ұйымдасқан топты құру және оған қатысу) бойынша қылмыстық іс аясындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
 
Қазір 20 күдікті қамауға алынды. Қалған екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.

Еске салсақ, Антифрод-орталық 2,8 млрд теңгенің күдікті операцияларын бұғаттады.