Respublica сайлауалды штабын ашып, үгіт-насихат науқанын бастады
Астана, 23 шілдеде Respublica партиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау жөніндегі республикалық сайлауалды штабын ашып, үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияға сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімге партия басшылығы, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, белсенділер мен партия мүшелері қатысты. Іс-шараға еліміздің барлық 20 өңірі онлайн форматта қосылып, өңірлік штабтар өз жұмысын бір мезгілде бастады.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров штабтың ашылуын смарт-көзілдірік арқылы Instagram желісінде тікелей эфирде көрсетіп, іс-шараны қатысушының көзімен көрсетті. Өз сөзінде ол Respublica сайлау науқанын сайлаушылармен ашық диалогқа және нақты нәтижелерге негізделген бағдарламамен жүргізетінін айтты.
«Бізге жаңа партия құру да, жүйені өзгерту де мүмкін емес дегендер көп болды. Бірақ біз оның керісінше екенін дәлелдедік. Үш жарым жыл ішінде 3 мыңға жуық түзету ұсынып, соның жартысынан астамын заңға енгіздік. Вейптерге толық тыйым салу, банк заңнамасындағы өзгерістер, креативті индустрияны қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау – осының бәрі біздің нақты жұмысымыздың нәтижесі», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Шара барысында партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттарға куәліктер табысталды. Respublica партиялық тізіміне кәсіпкерлер, ғылым, спорт, мәдениет, креативті индустрия және қоғамдық сектор өкілдері енді.
Іс-шарада партияның тең төрағалары Сырымбек Тау мен Динара Шүкіжанова, партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков, VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар – Smartestprep компаниясының бас директоры Лаура Вайгорова мен «Ирина Кайратовна» тобының продюсері Азамат Марклен сөз сөйледі.