Respublica партиясы жаңа Конституция жобасын қолдайды

Respublica партиясы жаңа Конституция жобасын қолдайды
Фото: Respublica партиясы

Елордада Respublica партиясы активінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға партияның саяси кеңес мүшелері, Парламент пен мәслихат депутаттары, әйелдер және жастар қанатының өкілдері қатысып, жаңа Конституциясы жобасы жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу негізгі заңға салмақты көзқараспен қарап, ортақ партиялық ұстанымды қалыптастыруға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Отырысты ашқан партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ұсынылып отырған құжатты мемлекеттің дамуы үшін сапалық тұрғыдан жаңа кезең деп бағалап, талқылаудың бағытын айқындады.

«Бүгін біз мазмұны терең, мәні бөлек құжатты талқылап отырмыз. Жаңа Конституция - мемлекет пен азамат арасындағы жаңартылған қоғамдық келісім», — деді ол.

Төраға құжатта унитарлы құрылым мен аумақтық тұтастықтың мызғымай сақталғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа жобаның өзегінде адамға бағытталған, азаматтың құқығы мен қадірін алдыңғы орынға қоятын көзқарас бар екенін айтты.

Өңірлік партия жетекшілері реформаның практикалық қырларына тоқталды. Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров ғылым мен инновацияның Конституцияда бекітілуі жоғары технологиялы экономикаға өтудің берік негізі екенін атап өтті.

«Қарағанды өңіріндегі бизнес қауымдастық пен азаматтық қоғам жаңа Конституция жобасын қолдайды. Біз бұл реформаны әлеуметтік әділеттіліктің тірегі, мемлекетке деген сенімді нығайтатын және ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықтың құралы деп көреміз», — деді ол. Сондай-ақ бір палаталы Құрылтайды қалыптастыруда саяси партиялардың рөлін күшейтудің маңызын атап өтті.

Отырыста сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, Respublica партиясы фракциясының мүшелері Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, Айтуар Қошмамбетов, Екатерина Смолякова, Динара Наумова, Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұржігіт Хайруллаев, Павлодар облыстық филиалының төрағасы Амангелді Маханбет, Астана қалалық филиалының төрағасы Шыңғыс Түсіпбаев сөз сөйлеп, ұсынылып отырған өзгерістер аясында ұлттық бірлікті нығайту мен жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттырудың маңызын баяндады.
Талқылау қорытындысында ортақ әрі айқын шешім қабылданды: Respublica партиясы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдайды. Қатысушылар бұл құжатты азаматтардың әл-ауқатына бағытталған, әділетті әрі берік мемлекет құрудың негізі деп бағалады.

Еске салсақ, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысында «жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуының негізін қалайды» деп мәлімдеді