Референдум-2026

ҚХП сайлауалды науқанның белсенді кезеңіне өтті

ҚХП сайлауалды науқанның белсенді кезеңіне өтті
Фото: Қазақстан Халық партиясы

23 шілде – алдағы Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанының басталған күні. Осыған орай Қазақстан Халық партиясы өзінің ресми әнұранын таныстырды. Сонымен қатар елорда мен өңірлерде партиялық штабтарын ашып, плакаттар мен баннерлерді орналастыру жұмысын бастады  деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Халық партиясы халықпен тұрақты кері байланыс орнатып келеді. Осы мақсатта партия сайлау кезеңінен әлдеқайда бұрын еліміздің әрбір облысында, ірі қалалары мен аудандарында филиалдар мен өкілдіктер желісін құрды. Онда қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді, азаматтарға кеңес беріледі, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, партиялық жобалар жүзеге асырылады.

Үгіт-насихат науқанының басталуына орай филиалдар сайлауалды штабтардың негізгі тірегіне айналды. Жалпы, Қазақстан Халық партиясы республика бойынша 155 сайлауалды штаб ашты. Оның ішінде 17 облыстық, 29 қалалық (оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалалары) және 109 аудандық штаб бар.

«Бұл Қазақстан Халық партиясына өңірлердегі жұмысты тиімді ұйымдастырып, сайлаушылармен тікелей диалог жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті партия өкілдері.

Үгіт-насихат науқаны 22 тамызда, яғни «тыныштық күні» аяқталады.

Қазақстан Халық партиясы сайлауалды науқанның басталуына орай Астанадағы «Ғашықтар» саябағында ерекше форматтағы іс-шара өткізді. Флешмоб партияның жүзден астам белсендісінің басын қосты.

Сондай-ақ, Қазақстан Халық партиясы өзінің «Халқыммен бірге» атты ресми әнұранын және оған түсірілген бейнебаянды таныстырды. ҚХП 23 шілдеден рұқсат берілген алдағы Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанын осылай бастады.