Құны 103 млрд теңге: Елімізде толық циклді биофармацевтикалық кешен салынады
ҚР Президентінің фармацевтика саласындағы отандық өндірістің үлесін 50 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстанда ірі стратегиялық инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Khan Tengri Biopharma» ЖШС арасындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында заманауи «Биофармацевтикалық толық циклді кешен салу» жөніндегі инвестициялар туралы келісім жобасы мақұлданды.
«Нысан дәрілік заттар өндірісінің озық технологияларымен жабдықталады деп жоспарлануда. Негізгі мақсат – 58 препарат түрін шығаратын өндіріс қуатын құру. Толық циклді іске қосуға, оның ішінде белсенді фармацевтикалық ингредиенттер өндіруге ерекше назар аударылады», - делінген хабарламада.
Кешеннің өндірістік портфеліне 27 халықаралық патенттелмеген атауы бар, соның ішінде онкологиялық, аутоиммунды, сирек және қабыну ауруларын емдеуге арналған препараттар кіреді.
Инвестициялардың жалпы көлемі 103 млрд теңгеден асады. Кешенде 180-нен аса жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Жобаны жүзеге асыру еліміздің фармацевтика саласын дамытуда стратегиялық маңызға ие және локализацияны кеңейтуге, орнықты өндірістік базаны қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар препараттардың импортын кезең-кезеңімен алмастыруға бағытталған. Одан бөлек, шығарылатын өнімнің бір бөлігін ЕАЭО, ТМД елдерінің, сондай-ақ Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарықтарына экспорттау жоспарланып отыр.
Бұған дейін 2026 жылы елімізде қандай жаңа әуежайлар мен рейстер пайда болатынын жаздық.