ҚҚС бойынша 300.00 декларациясын алдын ала толтыруға арналған жаңа сервис іске қосылады
Қазақстанда қосылған құн салығы бойынша 300.00 декларациясын алдын ала толтыруға арналған сервис пилоттық режимде іске қосылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, жаңа сервис салық төлеушілерге ҚҚС декларациясын толтыруды жеңілдетуге, есептелген салық сомаларын алдын ала көруге және қателерді азайтуға мүмкіндік береді.
Декларацияны алдын ала толтыру мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде жүзеге асырылады, оның ішінде электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесі, салық төлеушілердің жеке шоттары және тауарларға арналған декларациялар қамтылады.
«Бұл есептік көрсеткіштерді автоматты түрде қалыптастыруға және адам факторының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Сервис аясында декларацияның 13 жолы автоматты түрде толтырылады, оларды қажет болған жағдайда пайдаланушы ұлғайту немесе азайту жағына қарай өз бетінше түзете алады.
ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру сервисі 300.00 нысанын 2025 жылғы 4 тоқсан үшін тапсыру кезінде қолжетімді болады.
Еске салайық, бұдан бұрын 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығын төлеу тәртібі қалай өзгеретіні туралы жаздық.