ҚМДБ дипфейкке қатысты пәтуа шығарды
ҚМДБ дипфейкке қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дипфейк (ағылшын тілінен deep learning – «терең оқыту» және fake – «жалған») – жасанды интеллектті қолдану арқылы жалған бейнежазбалар жасау технологиясы.
«Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайды. Алайда бұл даму адамзат игілігіне, әділеттілікке, адамгершілікке негізделіп, шариғаттың аясында жүзеге асуы тиіс. Сондықтан кез келген технология игі мақсатта қолданылса – рұқсат, ал жамандыққа, зиянды мақсатта қолданылса тыйым салынады. Deepfake технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жасау, жалған ақпарат тарату, шариғат бойынша қатаң тыйым салынады. Мұндай жалған ақпарат тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға залалын тигізеді», - деп жазылған пәтуада.
Мамандардың айтуынша, шариғатта адамды қалжыңдап та қорқытуға тыйым салынған.
«Дипфейк технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта тыйым салынады», - деген шешімге келген ҚМДБ мамандары.
Бұған дейін, ҚМДБ парақшасында оқырман санын қандай жағдайда көбейтуге болатыны туралы пәтуа шығарғанын жаздық.