eGov.kz – 20 жыл: ақпараттық порталдан цифрлық экожүйеге дейін
12 сәуір күні eGov.kz электрондық үкімет порталының құрылғанына 20 жыл толды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Осы уақыт ішінде портал қарапайым ақпараттық сайттан толыққанды цифрлық экожүйеге айналып, қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болды. Осыған орай, электрондық үкіметтің қалыптасу тарихына қысқаша үңілсек.
Қалыптасу кезеңі: бастау және алғашқы қадамдар
Электрондық үкіметтің негізі Қазақстан Президентінің 2004 жылдың 10 қарашада қабылдаған Жарлығы, яғни, 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қаланды. Алғашында портал тек анықтамалық қызмет атқарып, мемлекеттік органдар туралы ақпарат берумен шектелді. Кейін инфрақұрылым дамып, қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі пайда болды.
Цифрлық инфрақұрылымның дамуы
Уақыт өте келе бірқатар маңызды жүйе енгізілді:
- мемлекеттік деректер базалары
- ведомстволық ақпараттық жүйелер
- eLicense.kz
- Ұлттық куәландырушы орталық
- электрондық үкімет шлюзі
Бұл шешімдер мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, халықтың мемлекеттік органдарға бару қажеттілігін азайтты.
Қызметтердің эволюциясы
eGov даму барысында бірнеше кезеңнен өтті:
- ақпараттық қызметтер
- электрондық қызметтер
- онлайн төлемдер
- өмірлік жағдайларға негізделген кешенді сервистер
Қазір мысалы, заңды тұлғаны 15 минутта тіркеуге немесе баланың тууын онлайн рәсімдеуге болады.
Мобильді сервистер және пандемия әсері
2019 жылы eGov Mobile жаңартылып, кеңінен қолданыла бастады.
Пандемия кезінде портал азаматтар мен мемлекет арасындағы негізгі байланыс құралына айналып, қашықтан қызмет алуды толық қамтамасыз етті. 2020 жылы биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, қызмет алу одан әрі жеңілдеді.
Қазіргі көрсеткіштер
Бүгінде:
15 млн-нан астам пайдаланушы тіркелді
508 млн-нан астам қызмет көрсетілді
eGov Mobile арқылы 111 млн қызмет берілді
1 300-ден астам мемлекеттік қызметтің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді
39 цифрлық құжат ұсынылған
Жаңа кезең: жасанды интеллект
Қазіргі таңда жүйе жасанды интеллект негізінде дамып келеді.
eGov AI, AlemGPT сияқты шешімдер азаматтармен табиғи тілде байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Болашақта бұл толыққанды цифрлық көмекшіге айналмақ.
Халықаралық бағалау
Қазақстанның электрондық үкіметі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр.
2024 жылы БҰҰ рейтингінде:
193 елдің ішінде 24-орын
онлайн қызметтер индексі бойынша 10-орын
Қазақстан Оңтүстік Корея, Дания және Эстония сияқты көшбасшылар қатарына енді.
Қауіпсіздік және сенім
Ақпараттық қауіпсіздік – басты басымдықтың бірі. Жеке деректерді қорғау заңмен бекітіліп, цифрлық қызметтерге деген сенімнің негізі болып отыр.
«eGov-тың 20 жылы – ақпараттық порталдан бастап миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған ауқымды цифрлық экожүйеге дейінгі жол. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, ал мемлекетпен өзара іс-қимыл бұрынғыдан да жылдам әрі ыңғайлы бола түсті. Қазір біз жаңа кезеңге – eGov 3.0-ге қадам басып отырмыз, мұнда проактивті сервистер мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдер шешуші рөл атқарады. Елдің цифрлануына негіз қалаған және оны әрі қарай дамытып келе жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл – заманауи әрі тиімді мемлекетті қалыптастыруға қосылған үлкен үлес», – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
20 жыл ішінде eGov.kz жай ғана порталдан халық пен мемлекет арасындағы сенімді цифрлық көпірге айналды.
Бүгінде ол уақытты үнемдеп, бюрократияны азайтып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға үлкен үлес қосып отыр.