Қазақстанда көлік ғылымдары мен технологияларының алғашқы институты құрылады

10 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанда көлік ғылымдары мен технологияларының алғашқы институты құрылады
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматы қаласында М.Тынышпаев атындағы ALT Университетінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанынан Қазақстандағы алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтын (ITST) құру туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік, логистика және транзит салаларын дамытуға қатысты стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында құрылып отыр. Президент өз Жолдауларында көлік-логистикалық секторды дамыту Қазақстанның халықаралық экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және ұзақ мерзімді орнықты өсудің негізгі факторларының бірі екенін бірнеше рет атап өткен.

Көлік ғылымдары мен технологиялары институты көлік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын мамандандырылған ғылыми орталық ретінде жұмыс істейтін болады. Институт қызметінің негізгі бағыттарына көлік жүйесін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздемелерді әзірлеу, транзит пен логистиканың тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету, инновациялық материалдар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ көлік нысандарын әртүрлі жол-климаттық жағдайларға бейімдеу кіреді.

Салтанатты рәсім барысында ALT Университеті М.Тынышпаев атындағы Басқарма төрағасы - ректоры Меруерт Жармағамбетова меморандумға қол қоюды отандық көлік ғылымын дамытудағы маңызды кезең әрі жалпыұлттық маңызы бар оқиға ретінде бағалады. Ректордың айтуынша, ALT Университеті үшін осы стратегиялық жобаны жүзеге асыру базалық алаңына айналу – үлкен құрмет және академиялық қауымдастық тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің белгісі.

«Жаңа институт жай ғана ғылыми құрылым емес, ғылым мен практика тығыз байланыста болатын, зерттеу нәтижелері Қазақстанның көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған толыққанды инновациялық экожүйеге айналады», – деп атап өтті Меруерт Жармағамбетова.

Сондай-ақ іс-шарада ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің ғылыми тұрғыда қамтамасыз етілуінің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы көлік пен логистиканы елдің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Осы міндеттерді табысты іске асыру үшін саланы заманауи ғылыммен қамтамасыз ету қажет. Көлік ғылымдары мен технологиялары институты дәл осы мақсатқа қызмет етеді», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Іс-шарада сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері және Құрметті теміржолшы Қ.С.Сәмбетов пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Б.С.Мұртазин сөз сөйледі. Қатысушылар университеттің ғылыми-зерттеу нысандарымен танысып, қолданбалы көлік ғылымын дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстандағы алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының құрылуы көлік саласының ғылыми негізін қалау, елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін нығайту, ғылымды нақты экономикамен біріктіру жолындағы маңызды қадам болды.

Еске салайық, бұған дейін әскери курсанттардың оқу-инженерлік жобаларын әзірлеп жатқаны туралы жаздық.