Қазақстанда 7 халықаралық автомобиль дәлізі қалыптасты

Қазақстанда 7 халықаралық автомобиль дәлізі қалыптасты
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында республиканың автожол саласын дамытудың ағымдағы жағдайы мен жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлің айтуынша, елімізде 95 мың шақырым автомобиль жолдары бар, оның 25 мың шақырымы Көлік министрлігіне қарайтын республикалық жолдар. Ал облыстық және аудандық 70 мың шақырым жолдар жергілікті органдарға қарайды.

Алдағы үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмысын 5 есе арттыру жоспарланып отыр. Жұмыстың нәтижесінде 32 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейі 95%-ға дейін жетеді.

«Бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтер өзгертілді. Қазір стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып жатыр. Сонымен қатар өткен аптада әкімшіліктердің өкілдерімен жиналыс өткізілді. Түсіністік бар, жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр», - деп атап өтті Нурлан Сауранбаев.

Министр бүгінде Қазақстанда 7 автокөлік дәлізі қалыптасқанын айтты. 4 үлкен жоба аяқталды: «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы». Бұл жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырым.

Еске сала кетсек, биыл 11 мың шақырым автожолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіледі.