Қазақстан мен Өзбекстан теміржол тасымал көлемін 60 млн тоннаға дейін арттырады

Бүгін, 13:37
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстан мен Өзбекстан теміржол тасымал көлемін 60 млн тоннаға дейін арттырады
Фото: freepik.com

Президенттің еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және транзиттік тасымал көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында көлік министрі Өзбекстан Республикасының көлік министрімен теміржол тасымалы саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол қатынасының стратегиялық маңыздылығын, оның сауда-экономикалық байланыстарды, халықаралық транзитті және аймақтық көлік интеграциясын дамытудағы негізгі рөлін, сондай-ақ, тасымал көлемін ұлғайтуға және логистикалық бағыттардың тиімділігін арттыруға үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.

2025 жылғы нәтижелер бойынша екі ел арасындағы теміржол тасымалы көлемі 32,3 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 16%-ға артты.

«Тасымал көлемін тұрақты арттыру және келісілген өткізу қабілеті параметрлеріне қол жеткізу мақсатында тараптар Сарыағаш, Оазис және Сырдария түйіспелерінде инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде Дарбаза – Мақтарал учаскесін қамтитын негізгі жобаларды аяқтау көзделген Бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі», - деп жазылған ақпаратта.

Сарыағаш түйіспесінен қазіргі уақытта тәулігіне 36 жұп пойыз өтуде (жоспар – 40-қа дейін), Оазис арқылы – 2 жұп пойыз (жоспар – 10-ға дейін), Сырдария арқылы – Дарбаза – Мақтарал учаскесі іске қосылғаннан кейін тәулігіне 10 жұп пойыз.

Кеңес барысында инфрақұрылымдық және жөндеу жұмыстарын үйлестіру, бақылау рәсімдерін жетілдіру, технологиялық өзара іс-қимылды оңтайландыру және тасымал процесінің жалпы тиімділігін арттыру мәселелері де қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге және тасымал көлемін кезең-кезеңімен арттыруға өзара мүдделілігін растады.

Бұған дейін ҚТЖ пойыздарындағы жолаушыларға арналған ТОП-6 ыңғайлы сервис жайлы жаздық.