Қазақстан мен Германия тұрғын үйді терможаңғырту жобасын талқылады

Қазақстан мен Германия тұрғын үйді терможаңғырту жобасын талқылады
Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Германияның Энергетика агенттігі және Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы өкілдерімен жұмыс кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар көппәтерлі тұрғын үйлерді терможаңғыртуға бағытталған FELECITY II қанатқақты жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. Жоба жылу энергиясын тұтынуды азайтуға, азаматтардың өмір сүру жайлылығын арттыруға және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге ықпал ететін энергия үнемдейтін заманауи тиімді технологияларды енгізуді көздейді.

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Германияның Энергетика агенттігі (DENA) арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу қатысушылары энергияны тиімді пайдалану, үнемдеу және құрылыс саласындағы жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру перспективаларын да қарастырды.

Қуандық Қажкенов халықаралық әріптестіктің еліміздің тұрғын үй қорының энергия тұтыну тұрғысынан тиімділігін арттыру және озық технологияларды енгізу үшін маңыздылығын атап өтті.

Тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілік білдіріп, Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық секторын жаңғыртуға бағытталған бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.

Бұған дейін елімізде су есептегіш құралдары деректерін қашықтан жинау жүйесіне көшу қолға алынатынын жаздық.