Елдегі мектептерде «Адал азамат» бағдарламасының дизайн-коды енгізіліп жатыр

Бүгін, 14:13
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елдегі мектептерде «Адал азамат» бағдарламасының дизайн-коды енгізіліп жатыр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан мектептерінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірыңғай дизайн-код енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бағдарламаны көрнекі түрде сүйемелдеу мақсатында заманауи брендбук әзірленген. Құжатта негізгі құндылықтарды айқындайтын визуалды стильдер, түстер палитрасы, макеттер және мектеп кеңістігін заманауи форматта безендіруге арналған элементтер қамтылған.

Осы негізде білім беру ұйымдары үшін бірыңғай дизайн-код қалыптастырылып, мектептердің ішкі кеңістігін брендбук талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Дизайн-кодта бағдарламаның алты негізгі құндылығын бейнелейтін безендіру үлгілері қарастырылған.

Сонымен қатар пән кабинеттері оқушылардың жас ерекшеліктері мен пән бағытына сай безендірілуі тиіс.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, бастапқы кезеңде брендбук 530 білім беру ұйымында енгізіледі. Қазіргі таңда 267 мектепте қажетті көрнекі элементтер орнатылып үлгерді.

Алдағы уақытта бұл дизайн-код реновация бағдарламасы аясында жөндеуден өтетін мектептерге енгізіліп, кейін барлық білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен таратылады.

Айта кету керек, брендбук — динамикалық құжат. Ол мектептердің ерекшеліктеріне қарай үнемі толықтырылып, жетілдіріліп отырады.

Еске салсақ, Астанада республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталған болатын.