Қарағанды облысында үш жасар баланың үстіне ғимараттың қаптамасы құлады

Бүгін, 17:31
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қарағанды облысында үш жасар баланың үстіне ғимараттың қаптамасы құлады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қарағанды облысында үш жасар балаға Мәдениет үйінің қасбетіндегі қаптама материалы құлап түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Аталмыш оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.

Оқыс оқиғаға қатысты Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, оқиға облыстың Бұқар жырау ауданында тіркелді. 

«Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Барлық мән-жайды жан-жақты және объективті анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», деп хабарлады ведомство.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың жансақтау бөліміне жатқызылғанын мәлімдеді.

«Оған барлық қажетті реанимациялық шаралар толық көлемде жүргізілуде. Емдеу тактикасы облыстың бейінді мамандарымен, оның ішінде нейрохирург пен реаниматологпен келісілген», делінеді хабарламада. 

Еске салсақ, Атырау полициясында бірқатар басшы қызметінен шеттетіліп, кадрлық өзгерістер орын алды.