Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады
Бүгін Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшуы барысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұшақ экипажы дер кезінде катапульт жасады. Ұшқыштар дін аман, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазіргі уақытта медициналық мамандардың бақылауында. Ұшақ құлаған аумақ қоршауға алынды. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына еш қауіп жоқ», делінген хабарламада.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды. Оны ведомствоның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі департаменті басқарады. Оның құрамына авиациялық қызметтің арнайы мамандары кірді.
Еске салсақ, былтыр Алматы облысында әскери тікұшақ радардан жоғалып, кейін қираған әуе кемесінің сынықтары су қоймасынан табылды.