Президент тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram-каналында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды», - деп жазды Айбек Смадияров.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды.
Еске салсақ, ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерін жариялады.