Президент еңбекқорлық, білім, адамгершілік реформаның іргетасы екенін айтты – депутат

6 қаңтар, 2026
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Президент еңбекқорлық, білім, адамгершілік реформаның іргетасы екенін айтты – депутат
Фото: Parlam.kz

Turkistan газетінде жарияланған Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сұхбатына қатысты Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» — мен бұл сөздерді инклюзия призмасынан да анық көріп тұрмын. Егер бұрын біз жеке мүгедектігі бар адамды күрделі әлемге бейімдеуге тырыссақ, қазір керісінше: қоғам мен қоршаған орта барлығына бірдей бейім болуын айтып отырмыз — қоғамның «прошивкасын» жаңартудамыз, кез келген адам, физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, өмірдің барлық саласына Wi-Fi-ге қосылғандай еркін «қосыла» алу керек. Бұны қоғамның өз әлеуметтік «операциялық жүйесін» жаңғыртумен салыстыруға болады. Президент көтерген «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты да мен үшін инклюзия ұғымымен тікелей байланысты. Әралуандықты мойындау жасқа, денсаулық ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әр азаматтың қоғам өміріне толық қатысуына жағдай жасау деген сөз», - деді депутат.

Халық қалаулысының айтуынша, инклюзия тәртіпке қарсы келген емес, керісінше «Заң мен Тәртіп» қағидатын күшейтетін құрал.

«Қолжетімді орта, тең мүмкіндік, әділ талап — азаматтың жауапкершілігін арттырады, қоғамға сенім қалыптастырады. Президенттің сұхбатында айтқан осы уақытқа дейінгі реформаларын заңдық деңгейде қамтамасыз етуге мен, Мәжіліс депутаты ретінде, сол өзгерістерде барынша инклюзивтілікті енгізуге тырыстым. Алдағы міндеттерді орындау барысында да инклюзивті саясатты толық енгізуге, қоғамдағы әр азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге белсене қатысуға дайынмын. Өйткені, инклюзия — бұл «әлеуметтік жеңілдік» деп айтуға келмейді, саясаттың сапасын анықтайтын адамгершілік өлшемі. Бұл тұста Президент Абайды дәріптей отырып, оның халқымыздың адамгершілігі жоғары болғанын қалағанын және еңбекқорлық, білім, адамгершілік — кез келген реформаның әлеуметтік іргетасы екенін дөп айтты», - деді Ерлан Әбдиев.

Айта кетейік, Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.