Павлодарда 34 млн теңгеден астам қарызы бар көлік тоқтатылды
Павлодар облысында берешегі бар тұлғаларды анықтауға бағытталған ауқымды рейдтер өткізіліп жатыр. Негізгі мақсат - әкімшілік қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету және берешектерді өндіру, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Борышкер» іс-шара барысында Cadillac Escalade көлік анықталып, тоқтатылды. Тексеру барысында бұл автокөлікке иелік ететін ұйымның 34 миллион теңгеден астам өтелмеген қарызы бар екені анықталды. Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде автокөлік арнайы тұраққа қойылды», - деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.
Полиция азаматтарға айыппұлдар мен өзге де берешектерді уақытылы төлеу қажеттігін ескертеді. Бұл мүлікті мәжбүрлеп тәркілеу мен көлікті арнайы тұраққа қоюдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 250 км/сағ жылдамдықпен түнгі жарысқа қатысқан көлік жүргізушісі ұсталғаны туралы жаздық.