Павлодар облысында нотариустардың негізсіз атқарушылық жазбаларды жасауы салдарынан тұрғындардан заңсыз ақша өндірілген

11 желтоқсан, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодар облысында нотариустардың негізсіз атқарушылық жазбаларды жасауы салдарынан тұрғындардан заңсыз ақша өндірілген
фото: Оңалхан Өнерхан

Павлодар облысында нотариустардың атқарушылық жазбаларды рәсімдеу кезінде заңды жаппай бұзғаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Атқарушылық жазба – талаптардың даусыз болған жағдайда ғана қолданылатын қарыз өндірудің жеңілдетілген тетігі. Оны рәсімдеу үшін борышкер өзінің міндеттемені орындамағанын жазбаша түрде мойындауы қажет, бұл факті нотариуспен куәландырылады.

Алайда тексеріс көрсеткендей, бұл талаптар жүйелі түрде еленбеген.

Талдау барысында облыс аумағында екі нотариустың 20 мыңнан астам атқарушылық жазба жасағаны анықталды.

Олардың біреуі 15 мыңнан астам жазбаны қандай да бір шартсыз, қарыздың есебінсіз және азаматтардың жазбаша қарыз мойындау хатынсыз рәсімдеген.

Мұндай құжаттарды жасау микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктермен сөз байласу арқылы жүзеге асқан.

Нәтижесінде облыс тұрғындары заңсыз ақша өндіру және несие тарихының нашарлауы сияқты жағдайларға тап болды.

Заңсыз негізде атқарушылық жазбалардың жаппай жасалуы азаматтардың өз құқықтарын уақытылы қорғау мүмкіндігінен айырады.

Тексеріске сәйкес прокуратура ұсыным енгізіп, нотариустар лицензияларынан айырылды.

Еске салайық, бұдан бұрын Павлодарлық кәсіпкерді өлтірген күдіктінің Ресейден экстрадицияланғанын хабарлаған едік.