Референдум-2026

Өзіңізді және жақыныңызды қорғау үшін есірткіге байланысты қауіптер туралы нені білу қажет

Өзіңізді және жақыныңызды қорғау үшін есірткіге байланысты қауіптер туралы нені білу қажет
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елорда прокурорының көмекшісі Ақтөре Беріков есірткіге байланысты қауіптер туралы нені білу қажеттігін айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Заңсыз есірткі айналымы қазіргі заманның ең күрделі қауіп-қатерлерінің бірі болып қала береді. Ол халықтың денсаулығына ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсерін тигізіп, ұйымдасқан қылмыстың, сыбайлас жемқорлықтың және көлеңкелі экономиканың дамуына ықпал етеді, сондай-ақ басқа да ауыр қылмыстардың жасалуына жағдай жасайды.

Осыған байланысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі және Мемлекет басшысы қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың негізі ретінде айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі.

Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер: есірткі бизнесінің цифрландырылуы

Соңғы жылдары есірткі қылмысының сипаты айтарлықтай өзгерді. Бұрын негізгі қауіп есірткі құралдарын жеткізудің дәстүрлі арналары болса, бүгінде қылмыстық топтар заманауи цифрлық технологияларды белсенді пайдаланады.

Заңсыз айналымды ұйымдастыру үшін анонимді интернет-платформалар, мессенджерлер, криптовалюта арқылы есеп айырысу және байланыссыз өткізу тәсілдері қолданылады. Қылмыстық схемаларды ұйымдастырушылар көбіне елден тыс жерде болады, ал орындаушылар тапсырмаларды қашықтан алады. Бұл мұндай қылмыстарды ашуды едәуір қиындатады.

Синтетикалық есірткілердің таралуы ерекше қауіп төндіреді. Оларды өндіру көп ресурсты қажет етпейді, ал психоактивті заттардың жоғары концентрациясы мұндай есірткілерді адам өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті етеді.

Жастар – қылмыстық топтардың басты нысанасы

Ең осал санат – жастар. Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «жеңіл табыс» туралы ұсыныстар таратып, жастарды курьер немесе «жасырын орынға қалдырушы» («закладчик») ретінде заңсыз әрекетке тартады.

Мұндай схемаларға қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыстар ретінде сараланып, ол үшін қатаң қылмыстық жауаптылық көзделген. Жылдам табыс туралы уәделер түптің түбінде адамның болашақ өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін ауыр құқықтық салдарға алып келетінін әрдайым есте ұстаған жөн.

Мемлекеттің кешенді тәсілі

Бүгінде есірткі қылмысына қарсы күрес тек тікелей орындаушыларды ұстаумен шектелмейді. Негізгі назар:

- қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтауға,
- жасырын зертханаларды жоюға,
- прекурсорларды жеткізу арналарының жолын кесуге,
- есірткі тарату үшін пайдаланылатын интернет-ресурстарды бұғаттауға,
- сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді анықтап, тәркілеуге аударылады.

Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөлінеді. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржылық негізінен айыру олардың заңсыз қызметін одан әрі жалғастыру мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.

Прокуратураның үйлестіруші рөлі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік есірткіге қарсы саясатын іске асыруда прокуратура органдарына маңызды рөл жүктелген.

Прокуратура жедел-іздестіру қызметінің, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді және қылмыстардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.

Бұл ретте жұмыстың тиімділігі тек қозғалған қылмыстық істердің санымен ғана емес, ең алдымен қоғамдағы есірткіге тәуелділік деңгейінің төмендеуімен, азаматтардың қылмыстық әрекетке тартылуының алдыналумен және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімінің нығаюымен бағаланады.

Алдын алу – ұзақ мерзімді нәтиженің негізі

Мәселені түпкілікті шешу үшін құқық қорғау шараларының өзі жеткіліксіз. Профилактикалық жұмыстың да маңызы зор.

Жастардың бойында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру, есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдары туралы ақпараттандыру мемлекет, білім беру жүйесі, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Тек бірлескен жұмыс қана қоғамда есірткі қылмысына төзбеушілік ахуалын қалыптастырып, жас ұрпақты құқыққа қайшы әрекеттерге тартылудан қорғауға мүмкіндік береді.

Заң және тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Есірткі қылмысына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біздің мақсатымыз – азаматтардың өмірін қорғау және Қазақстанның қауіпсіздігін нығайту.

Бұл бағыттағы тиімділік «Заң және тәртіп» қағидатын сақтауға, жазаның бұлтартпастығына және қылмысқа қарсы күрестің заманауи әдістерін енгізуге байланысты. Тек мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы ғана есірткі қаупіне тиімді қарсы тұра аламыз.