Референдум-2026

ОСК: Сайлау учаскелері Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге дайын

ОСК: Сайлау учаскелері Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге дайын
Фото: ОСК

Бүгін Астанада 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды өткізу шеңберінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, саяси партиялар, ЕҚЫҰ ДИАҚБ және ТМД атынан халықаралық байқаушылар, бейнеконференциялық байланыс арқылы астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыс әкімі аппараттарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

Cайлау учаскелерінің 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру күніне дайындығы туралы;

Сайлау заңнамасын сақтаудың кейбір аспектілері;

Жеке, заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және cайлау заңнамасының бұзылғаны үшін жауапкершілік туралы.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауды өткізуге дайындық аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Ол маңызды бағыттардың бірі ретінде сайлау комиссияларының мүшелерін, сондай-ақ сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды.

Осы бағыттағы Орталық сайлау комиссиясының қызметі туралы ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады. Ол Орталық сайлау комиссиясының сайлау процесіне қатысушыларды каскадты оқытудың көпдеңгейлі жүйесін қалыптастырғанын атап өтті.

«Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесінің қатысуымен 7 мыңнан астам оқыту семинары өткізілді. Бағдарлама теориялық және практикалық дайындықты, оның ішінде дауыс беру күні орын алуы мүмкін нақты жағдайларды талдауды қамтыды. Алынған білімді және комиссиялардың дайындығын бағалау ОСК мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапарлары барысында жүргізілді» - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Оқыту «Тренер тренерді оқытады» қағидаты бойынша офлайн және онлайн форматтарда жүргізілді. Өңірлер үшін оқу-әдістемелік кешен мен анимациялық оқыту фильмі әзірленіп, жолданды. Аталған материалдар оқу процесінде пайдаланылуда.

Сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқыту маңызды бағыттың бірі болды. Бұл оқытуға 23 мыңнан астам адам қамтылды. Олардың қатарында саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Отырыс барысында аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары өңірлердегі сайлау учаскелерінің саны мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы, мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштардың жабдықталуы және учаскелердің қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілуі туралы баяндады. Сонымен қатар, сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орны, сайлау учаскелерінің мекенжайлары көрсетілген дербес шақырулардың табысталғаны және дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерінің саны туралы хабарлады. Қазіргі уақытта дауыс беру бюллетеньдері белгіленген мөлшерде учаскелік сайлау комиссияларына жеткізіліп, күзетке алынғаны атап өтілді. Осылайша, аумақтық сайлау комиссияларының ақпаратына сәйкес, еліміздегі сайлау учаскелері Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беруді өткізуге дайын.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік алдағы күндері сақталуы тиіс негізгі ережелер туралы баяндады.

22 тамыз - тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күнінде сайлау алдындағы үгітке тыйым салынған. Бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары, соның ішінде интернеттегі материалдар, бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты бетінде қайта орналастыруға болмайды.

Сауалдар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеу белгіленген. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді таратуға жол берілмейді. Бұл ретте дауыс беру күні exit poll сауалнамасын тек дауыс беру үй-жайларынан тыс жерде және бұл туралы ОСК-ны хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньнің фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады. Бұл ретте сайлаушының сайлау учаскесінде фотоға түсу құқығына шектеу қойылмайды. Сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде де фотоға түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға қатысты тыйым қолданылмайды, өйткені бұл шектеу дәл дауыс беру күніне қатысты белгіленген», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.

Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Олар сайлау учаскелерінде болуға және заңнамада белгіленген өкілеттіктері шегінде дауыс беру барысын бақылауға құқылы. Бұл ретте байқаушыларға сайлау жәшіктерін, сондай-ақ жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың кіретін және шығатын  тұсын байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Сайлау процесінің барлық қатысушылары учаскеде белгіленген тәртіпті сақтауға және азаматтардың еркін ерік білдіруне кедергі келтірмеуге міндетті.

Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат Бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов министрлік тарапынан үш негізгі бағыт бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді. Олар: сайлау науқанына қатысушыларға үгіт кезеңінде өз қызметін жариялау үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету, кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформа пайдаланушыларының сайлау заңнамасы талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселені қарау барысында Комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, сондай-ақ сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері туралы хабардар етті.

Өтініштермен жұмыс «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау тағайындалған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясына 203 өтініш келіп түскен, оның ішінде 129 өтініш - сайлау заңнамасын түсіндіруге, 62 өтініш - сайлау процесін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі әрбір өтініштің уақытылы қаралуы және оған жан-жақты жауап берілуі қамтамасыз етілетінін атап өтті. ОСК-ға аумақтық сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағымдар түспеген.

«Әрбір өтініш заңда белгіленген тәртіппен қаралып, азаматтарға заңнама талаптарын ескере отырып, нақты түсіндірмелер беріледі. Бұл ретте сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін түсіну маңызды. Біздің ортақ міндетіміз - сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау», – деп атап өтті Әсел Жанәбілова.

Атап айтқанда, ОСК мүшесі сайлау комиссияларының жұмысына араласқаны, дауыс беру құпиясын бұзғаны, азаматтардың еркін ерік білдіруіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды. Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерінің, саяси партиялардың сенім білдірген өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін де жауапкершілік қарастырылған.

«Сайлауға дайындық барысында біз барлық өңірлерге барып, тиісті мүдделі және жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен бірқатар жұмыс кеңестерін өткіздік. Сол кездесулер барысында сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде заңнама талаптарын сақтау мәселелері жан-жақты қаралып, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларына нақты тапсырмалар берілді. Бүгінгі басты міндет - дауыс беру күнін ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Сіздерге, комиссияларға үлкен жауапты міндет жүктеліп отыр - Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізу. Сондықтан дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың конституциялық сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс», - деп қорытындылады ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.