ЖИ қолдану талабына сәйкес мемлекеттік органдардың функциялары қайта қаралады
Қазақстанда цифрландыруды кеңейту және ЖИ қолдану талабын ескере отырып, басқарудың барлық деңгейлеріндегі мемлекеттік органдардың функциялары қайта қаралады. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік секторға жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жасанды интеллект мемлекеттік секторда да белсенді енгізілуі тиіс.
Оны қолдану атүсті автоматтандыруға емес, қалыптасып қалған процестерді қайта қарауға, мемлекеттік функцияларды орындаудың неғұрлым тиімді модельдеріне көшуге және бюрократиядан арылуды одан әрі жалғастыруға әкелуі керек.
Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрландыруды кеңейтуді және жасанды интеллектінің қолданылуын ескере отырып, басқарудың барлық деңгейлеріндегі функцияларды қайта қарауға тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Жасанды интеллект министрлігіне министрліктердің бірінші басшыларының цифрлық орынбасарлары, яғни, CDO қызметінің нәтижелеріне сапалы талдау жүргізіп, 2026 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған жаңа көрсеткіштерді белгілеу тапсырылды.
Бұған дейін Үкіметте экономиканың барлық саласына технологияларды енгізу мәселесі қаралғанын жаздық.