Мұхтар Шаханов - қазақтың рухани әлемінде өшпес із қалдырған бірегей тұлға
Мұхтар Шаханов — қазақ халқының рухани әлемінде өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Ол тек дарынды ақын ғана емес, ұлт тағдырына бейжай қарамаған қайраткер, шындықты тайсалмай айтқан батыл азамат ретінде ел жадында мәңгі сақталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Ақынның бүкіл ғұмыры халқына қызмет етумен, оның рухани тәуелсіздігін қорғаумен тығыз байланысты болды. Мұхтар Шаханов өз шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тіл мен мәдениетті сақтаудың маңызын ұрпақ санасына сіңірді. Оның поэзиясы терең философиялық ойға, ұлттық рух пен адамзаттық мәселелерге толы. Ақын адамзаттың рухани дағдарысын, адамгершілік құндылықтардың әлсіреуін батыл көтеріп, оқырманын ойлануға шақырды.
Кеңестік кезеңнің қыспағына қарамастан, ол ұлт мәселесін ашық айтып, тарихи шындықты қорғаудан тайынбады. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ақиқатын ашудағы еңбегі — оның азаматтық ерлігінің айқын дәлелі. Мәскеуде өткен жиындарда қазақ жастарын қорғап сөйлеп, әділдік үшін күресуі сол заман үшін үлкен батылдық еді.
Мұхтар Шаханов мемлекеттік қызметте де ұлт мүддесін биік қойды. Парламент депутаты ретінде ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық идеологияны нығайту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мәселелерін үздіксіз көтеріп отырды. Оның әрбір сөзі мен ісі — ел болашағына деген жанашырлықтың көрінісі болды.
Қоғам қайраткері ретінде ол тіл, экология, руханият, жастар тәрбиесі сияқты маңызды мәселелерге әрдайым үн қатып, халықты бірлікке, отансүйгіштікке үндеді. Осылайша оның өмір жолы — ұлтқа адал қызмет етудің, шындық үшін күресудің жарқын үлгісі болды.
Халқымыздың рухын көтерген, әділет жолында аянбай еңбек еткен қайсар тұлға – Мұхтар Шахановтың есімі қазақ тарихында мәңгі сақталып, келер ұрпаққа үлгі болып қала береді деп кәміл сенеміз.
Еске сала кетсек, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов кеше дүниеден озды.