Алматы қаласы «Наурызбай» ауданының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың инватакси қызметін тәулік бойы пайдалану құқығын қалпына келтірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алматы қаласында инватакси қызметін тұтынушы, мүмкіндігі шектеулі 3 100 адамның, 2 215-і белсенді пайдаланушылар.
Прокуратураның талдау нәтижесі пайдаланушыларды тасымалдауға тек күндізгі уақытта ғана қол жеткізе алатындығын, ал түнгі уақытта бұл қызмет қолжетімсіз екенін көрсетті.
«Уақыттың шектеулігі азаматтар үшін кешкі және түнгі мезгілде, мысалы, медициналық мекемелерге бару, шұғыл жағдайларда немесе қоғамдық өмірге қатысуда айтарлықтай қиындықтар туғызған.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган шарттарға қосымша әзірленген келісімдерге қол қойды, инватакси қызметі 2 215 мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін түнгі уақытта да қолжетімді болды», - делінген Алматы қаласы прокуратурасының хабарламасында.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, аталған қызметке тең қолжетімділік қамтамасыз етілді, әлеуметтік әділеттілік қалпына келтірілді.