Министрлік қосымша медициналық білім беру ұйымдарын бақылауды күшейтті
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізбесін қалыптастырудың жаңа қағидаларын бекітті, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылданған шаралар медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және білім беру алаңдарын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Енді ұйымдардың тізбесін уәкілетті орган: дәрігерлерді оқытуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар үшін және орта медициналық персоналды даярлауды қамтамасыз ететін ұйымдар үшін екі бағыт бойынша бөлек қалыптастырады.
Тізбеге енгізудің міндетті шарты қосымша медициналық білім беру бағдарламаларын іске асыру ұйым қызметінің түрлеріне кіретінін растайтын құқық белгілейтін құжаттардың болуы болып саналады.
Жаңа талаптар білім беру орталықтарының инфрақұрылымы мен ресурстық қамтамасыз ету өлшемшарттарын едәуір күшейтеді. Міндетті аккредиттеуден, бекітілген оқу бағдарламаларынан және халықаралық ақпараттық дерекқорларға қол жеткізуден басқа, ұйымдар қосымша шарттарға сай болуы керек.
Олардың ішінде - білім беру қызметіне лицензияның және (немесе) ғылыми ұйым мәртебесінің, өзінің клиникалық базасының не тыңдаушыларды практикалық даярлау үшін аккредиттелген медициналық ұйымдармен шарттардың болуы.
«Біз мәлімделген материалдық-техникалық база мен клиникалық ресурстардың нақты жағдайға сәйкес келетініне көз жеткізуіміз керек. Бұл медициналық мамандарды даярлаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын ұйымдардың тізбесінде болуын болдырмауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ведомствода.
Жаңа нормаларды енгізу білім беру орталықтарын іріктеудің ашық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді және медицина қызметкерлерінің қажетті ғылыми әлеуеті, заманауи жабдықтары және толыққанды клиникалық базасы бар ұйымдарда ғана біліктілігін арттырудан өтуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Қабылданған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін Астанадағы жаңа балалар травматологиялық пункті алғашқы пациентін қабылдағанын жаздық.