Мектеп кітапханалары цифрландырылып жатыр
Елімізде мектеп кітапханаларының әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде «Балалар кітапханасы» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында мектеп кітапханаларын дамыту және оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар мектеп кітапханаларын цифрландыру бағытында нақты шаралар қабылданды.
«2025 жылдың қаңтар айында Балалар кітапханасы порталы 810 көркем-танымдық әдебиеттер тізімімен толықтырылды. Қазіргі уақытта порталға 8 290 мектеп пен колледж қосылып, оқырман белсенділігі артып отыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, оқушылардың оқу сауаттылығын жүйелі бақылау мақсатында биылғы жылдың ақпан айында «Оқу сауаттылығын бақылау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйе оқушылардың оқу сауаттылығы деңгейін мониторингтеуге және білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бүгін Астана қаласындағы Президент орталығында «Astana Eurasian Book Fair — 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.