«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: Астанада халықаралық кітап көрмесі ашылды

Бүгін, 11:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: Астанада халықаралық кітап көрмесі ашылды
Фото: Сұлтан Сейіт

Бүгін Астана қаласындағы ҚР Президентінің орталығында «Astana Eurasian Book Fair — 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысып жатыр.

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және «Qazaq Creative» Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» көрмесіне 80-нен астам кітап шығару, танымдық-ғылыми білім берумен айналысатын және полиграфия компаниялары қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Белорусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен көптеген ұйымдар қатысқалы отыр.

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сабақтары өткізіледі.

Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Ұлттық кітап күні мерекесіне орай 23 сәуірде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.

Айта кетейік, кітап көрме-жәрмеңкесі 26 сәуірде аяқталады.