Мәулен Әшімбаев: Жаңа Конституция жастардың әлеуетін ашудың берік негізін қалыптастырады
Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шарада жаңа Конституция жобасының негізгі нормалары және оларды іске асыру жолында жастардың рөлі талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік-саяси трендтер мен қазіргі сын-қатерлер кеңінен сөз болды.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, қазіргі жаһандық тұрақсыздық пен қарқынды технологиялық өзгерістер Қазақстаннан жедел бейімделуді және өзінің тиімді басқару жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен елдің конституциялық-құқықтық және институционалдық негіздерін жаңғырту үдерісі қолға алынды. Бұл қадамның басты мақсаты – мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз ету және саяси жүйені терең демократияландыру. Осы тұрғыда Сенат төрағасы мемлекеттің жаңа моделін қалыптастыратын негізгі бағыттарға тоқталды.
«Ата заң жобасы, ең алдымен, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік қағидаттарына табан тіреп, мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайды. Құжатта ұлттық бірегейлікті нығайтуға, мемлекеттік тілді дәріптеуге және патриоттық құндылықтарды қолдауға айрықша мән берілген. Адам капиталы ел келешегінің берік іргетасы ретінде жарияланған Конституция Қазақстанның білім, ғылым және инновацияға негізделген даму жолына түсіп, озық мемлекеттердің қатарына қосылуды көздейтін ұмтылысын айқын көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесу барысында референдум өткізу барлық бағытта жаңа тарихи кезеңнің басталатынын білдіретіні айтылды. Конституцияны жаңарту арқылы жаһандық өзгерістерге бейімделу саяси архитектураны ғана емес, қоғамның әлеуметтік негіздерін де терең трансформациялауға қажетті алғышарттарды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев заңнамалық жаңашылдықтарды табысты іске асыру жастардың белсенді қатысуына, олардың білім деңгейіне және ел тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайындығына тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
«Жаңа Конституцияның негізгі басымдығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау. Конституциялық реформа келешек ұрпақтың өркендеуіне және жастардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді берік негіз қалыптастырады. Осындай жағдайда жастардың азаматтық жауапкершілігі алдыңғы орынға шығады. Әділетті Қазақстанды құру ісіне белсенді араласу, жаңғырту үдерісіне атсалысу, диалог пен жасампаздық мәдениетін дамыту – уақыт талабы», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата спикері Сенат жанында бес жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметіне де назар аударды.
Конституциялық өзгерістерді талқылауға арналған іс-шараға жетекші ғалымдар, академиялық қауымдастық өкілдері, мемлекеттік басқару саласының сарапшылары және ЕҰУ оқытушылары мен докторанттары қатысты.

Еске сала кетсек, Жалпыұлттық коалиция өкілдері астаналық дәрігерлерге Конституциялық реформа жобасын түсіндірді.