Мәулен Әшімбаев: Референдум - ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды оқиға

Бүгін, 09:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мәулен Әшімбаев: Референдум - ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды оқиға
Фото: Мәулен Әшімбаев/Facebook

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды оқиға. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында Ата заң жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бұған дейін жаңа Ата Заң жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, тыңғылықты пысықталғаны белгілі. Талқылау барысында азаматтардың ұсыныстары мұқият зерделеніп, барынша назарға алынды. Бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Осы ретте Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның және оның құрамындағы Парламент депутаттарының қажырлы жұмысын ерекше атап өткен жөн. Комиссияның әр отырысында барлық тараптың пікірі тыңдалып, мемлекет мүддесі тұрғысынан терең талданғаны белгілі.

Осылайша, атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде әзірленген жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтарға таңдау жасау мүмкіндігі беріліп отыр. Мұндай тәсіл – демократияны нығайта түсетін маңызды тетік.

Жалпы, бұл реформа – Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделін қалыптастыру және егемен еліміздің ұзақ мерзімді дамуының құқықтық негізі қалау жолындағы маңызды шешім. Сондықтан осы бағытта жұдырықтай жұмылу айрықша мәнге ие.

Алдағы уақытта Сенат депуттары жаңа Ата Заңымыздың негізгі мәнін түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысады. Өз кезегінде азаматтарымыз да ел тағдырын айқындайтын тарихи сәттен қалыс қалмай, ұлт мұраты жолында бекем бірліктің озық үлгісін көрсетеді деп сенеміз», - деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы жаздық.