Креативті индустрия өкілдеріне арналған цифрлық платформа іске қосылды
Креативті индустрия өкілдеріне арналған бірыңғай QazaqCreative цифрлық платформасы іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Цифрлық платформаны министрліктің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры іске қосты. Жаңа цифрлық платформа креаторларға мемлекеттік қолдау тетіктерін бір жүйе арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
«Платформа жеке және заңды тұлғалардың пайдалануына арналған. Олардың қатарында авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер және өзге де креаторлармен қатар, шығармашылық студиялар, бірлестіктер, агенттіктер, продюсерлік орталықтар мен креативті индустрия саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар.
Енді креативті индустрия өкілдері порталдағы QazaqCreative бөлімі арқылы тіркеліп, жеке кабинетін ашып, платформадағы цифрлық сервистерді пайдалана алады», делінген хабарламада.
QazaqCreative платформасында грант бағдарламалары, жобаларды қаржыландыру тетіктері, білім беру және акселерациялық бағдарламалар, консультациялық, сараптамалық, ақпараттық әрі цифрлық қолдау құралдарына дейінгі ақпарат ұсынылады. Сондай-ақ пайдаланушылар байқауларға, питчинг сессияларына, форумдарға, көрмелерге және өзге де салалық іс-шараларға қатыса алады.
Еске салсақ, Ұлытау облысында «Алтын Орданың мұрасы» атты креативті жәрмеңкеге 6 мың адам барды.