Конституция жобасы: Елдің құқықтық, саяси дамуын қайта пайымдауға негізделген

Конституция жобасы: Елдің құқықтық, саяси дамуын қайта пайымдауға негізделген
Фото: Астана қаласының мәслихаты

Бүгін елордалық AMANAT партиясының филиалында Астана қаласы мәслихаты депутаттарының фракциясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талқылауға депутаттармен қатар Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Зұлфұхар Ғайыпов та белсенді қатысқан.

Кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы болды. Депутаттар құжаттың мәтінін ғана емес, оның ел өміріне ықпалын, мемлекеттік органдардың тиімділігін және әділетті мемлекет қағидаттарын нығайтудағы рөлін жан-жақты талқылады.

«Қазақстан өзінің дамуының жаңа кезеңіне қадам басуда. Конституцияны реформалау – қоғам сұранысына жауап беретін және әділеттілікті нығайтуға, биліктің ашықтығын арттыруға, азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогты дамытуға бағытталған тарихи шешім. Жобаны әзірлеу барысында азаматтардың, сарапшылардың, бизнес, мәдениет және ғылым өкілдерінің пікірлері жан-жақты ескерілді. Жаңа мәтін елдің құқықтық, саяси және құндылық бағдарында дамуын қайта пайымдауға негізделген», -деді Астана қаласы мәслихатындағы AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Тәжімұратов.

Оның айтуынша, өзгерістердің басты мақсаты – адам, оның құқықтары мен өмір сапасы. Билік пен қоғам бір-бірін еститін жүйе қалыптастырылады деді ол.

Күнтәртібіндегі екінші маңызды мәселе – фракцияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту болды.

«Бұл жай ғана формалды құжат емес. Бұл – біздің жұмысымыздың нақты бағдары: атқарушы билікпен қалай өзара іс-қимыл жасау, тұрғындармен диалогты қалай жүргізу және елорданың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қалай шешу керектігін айқындайды. Барлық жұмыс нақты нәтижеге – қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және қаланың жалпы дамуына бағытталған», - деді Ғабит Тәжімұратов.

Отырыс депутаттар мен қоғам өкілдерінің бірлескен күш-жігері ғана тиімді басқару тетіктерін қалыптастыруға, азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуға және елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін көрсетті.

Еске салсақ, елордалық білім беру ұйымдарының басшылары Конституцияның жаңа жобасын талқылады.