Kinopark желісі киноөндірушілерге қысым көрсеткен – агенттік

Kinopark желісі киноөндірушілерге қысым көрсеткен – агенттік
Фото: pexels.com

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің қызметінен үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кинотеатрлар желісі отандық киноөндірушілерден фильмдерді прокатқа шығару үшін міндетті жарнамалық бюджет талап еткен. Бұл талап орындалмаған жағдайда фильмдер көрсетілімге жіберілмеген. Аталған тәжірибе бәсекелестікті шектеп, нарық қатысушыларының құқықтарын бұзған және киноөндірушілердің нарыққа кіруіне кедергі келтірген.

«Осыған байланысты компанияға заңбұзушылық белгілері туралы хабарлама жолданды. Нәтижесінде міндетті жарнамалық төлемдер мен «кіру төлемдері» алынып тасталды.

Қазіргі уақытта фильмдерді прокатқа шығару, сеанстарды жоспарлау және көрсетілімнен алу тәртібін реттейтін ашық әрі кемсітусіз регламент әзірленуде», – делінген агенттік хабарламасында.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, қабылданған шаралар нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасап, кинопрокат жүйесінің ашықтығын арттыруға және отандық киноиндустрияның дамуына бағытталған.

Бұған дейін республика көлемінде өтіп жатқан қазақстандық анимация апталығы аясында Астанада отандық мультфильмдердің тегін көрсетіліп жатқанын жазған едік.