Кімдерге әскерге шақыру кейінге қалдырылады - Қорғаныс министрлігі түсіндірмесі
Қорғаныс министрлігі әрбір әскерге шақырылушы білуі тиіс негізгі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазіргі шақыру жүйесі мемлекеттік ақпараттық базалармен біріктірілген. Азамат туралы негізгі мәліметтер (білімі, отбасылық жағдайы, жұмыс орны, тіркеуі) көп жағдайда жергілікті әскери басқару органдарына (әскери комиссариаттарға) қосымша құжатсыз-ақ қолжетімді.
Сонымен қатар, eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы секілді мемлекеттік сервистер арқылы мәртебеңізді тексергеніңіз жөн. Бұл сіздің әскерге шақырылатыныңызды, қолданыстағы кейінге қалдыру бар-жоғын немесе қосымша құжаттар қажет екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Кейде оқу орны немесе жұмыс орны деректерді уақытында жібермеген жағдайда отбасылық жағдай өзгерген кезде мәліметтер дұрыс көрсетілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда ақпаратты растау міндеті азаматтың өзіне жүктеледі», делінген хабарламада.
Әскерге шақырудан кейінге қалдыру заңды негіздер бойынша беріледі және уақытша сипатқа ие.
Негізгі жағдайлар:
– білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқу кезеңіне;
– денсаулық жағдайы (емдеуді немесе бақылауды қажет ететін ауру болғанда);
– отбасылық жағдай (асырауындағы адамдардың болуы, жақын туыстарға күтім жасау қажеттілігі);
– кәсіби қызмет (азаматтардың жекелеген санаты үшін).
Кейінге қалдыру тек құжатпен расталған жағдайда ғана күшінде болады.
Әскери қызметтен толық босатылатын азаматтар санаты да бар.
Олар:
– медициналық комиссия қорытындысы бойынша денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылғандар;
– бұрын әскери қызмет өткерген азаматтар;
– заңнамада көзделген өзге де негіздері бар тұлғалар.
Кейінге қалдырудан айырмашылығы, босату тұрақты сипатқа ие және жыл сайын растауды қажет етпейді.
Айта кетейік, елден тыс жерде жүргендер әскери есептен босатылмайды. Мұндай жағдайда жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) хабардар етіп, болмау себебін (шетелде оқу, жұмыс істеу) құжатпен растау қажет. Қажет болған жағдайда өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері арқылы жүзеге асырылады.
Еске салайық, бұған дейін әскерге шақыру туралы не білу керек екені туралы жаздық.