ІІМ есірткі бизнесінің қаржылық және цифрлық схемаларына бақылауды күшейтті

Бүгін, 14:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ІІМ есірткі бизнесінің қаржылық және цифрлық схемаларына бақылауды күшейтті
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі криптоәмияндар, транзакция және синтетикалық есірткі қылмысына қарсы қарқынды күрес жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«2026 жылдың бес айында үш мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде шамамен 1,5 мың есірткі қылмысы анықталды. Сонымен қатар алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 12 зертхана және 42 фитозертхана жойылды.

12 мыңға жуық заңсыз онлайн-ресурс бұғаттауға жіберілді. Ұлттық банкпен бірлесіп, есірткі бизнесіне қатысты қаржылық операцияларға тосқауыл қойылуда. Нәтижесінде 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылды. 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталды. Сондай-ақ 20 мың криптоәмиян тексерілуде.

Үлкен қауіптің бірі - синтетикалық есірткілер. Заңсыз айналымнан 466 килограмм синтетикалық есірткі және 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленді», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Оның айтуынша, есірткі қылмысының алдын алу жұмыстары да күшейтілді.  

«Жыл басынан бері мектептер мен жоғары оқу орындарында 6,5 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізілді. Сегіз мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды.

Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. Қазақстан шетелдік әріптестерімен бірлесіп, трансұлттық есірткі қылмысына тосқауыл қоюда.

Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардың денсаулығын қорғау және жас ұрпақтың болашағын сақтау мақсатында есірткі қылмысына қарсы кешенді жұмыстар жалғасатын болады», - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін ІІМ есірткі қылмысына қарсы республикалық операцияны қолға алғаны туралы жаздық.