Еуразия Ұлттық университетінде дауыс берушілерге бауырсақ пен тәтті шай ұсынылды

Еуразия Ұлттық университетінде дауыс берушілерге бауырсақ пен тәтті шай ұсынылды
Фото: Әлия Алауханова

Астана қаласындағы №1 сайлау учаскесінде дауыс беруге келген тұрғындарды ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дауыс берушілерге бауырсақ пен ыстық шай ұсынылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Ауа райы әлі толық көктемге сай болмағандықтан, ыстық шай мен бауырсақ беруді жөн көрдік. Кеше Наурызнама онкүндігі басталды. Наурыз Көрісумен ашылып, адамдар бір-бірін құттықтап, кездесуге қуанып, бұрынғы реніштерін кешеді. Ыстық шай мен бауырсақ арқылы қолдау көрсету тек көңіл көтеру емес, жылы жүректен шыққан тамаша дәстүрдің көрінісі. Референдумға келіп дауыс беретін әрбір азаматқа осылай қолдау көрсетуге әзірміз», — деді Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы.

Сайлау учаскесіне келген тұрғындар ұсынылған бауырсақ пен шайға риза болып, өз таңдауын жасап, референдумға белсенді қатысты. Мұндай дәстүрлі қолдау шаралары азаматтар арасында ерекше көңіл күй сыйлады.