Референдум-2026

Ертең EXPO-ның жазғы сахнасында маусымның қорытынды концерті өтеді

Ертең EXPO-ның жазғы сахнасында маусымның қорытынды концерті өтеді
Фото: QazExpoCongress компаниясы

22 тамыз күні сағат 19:30-да EXPO жазғы сахнасында Expo Music Fest концерт маусымының қорытынды музыкалық шарасы – «MTV-дің әлемдік хиттері» концерті өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.

Жаз бойы Expo Music Fest жобасы Астананың ашық концерт алаңдарының бірінде елорда тұрғындары мен қонақтарының басын қосты. Жоба аясында ауқымды этно-музыка фестивалі, Astana Rhythm Fest, «Заманауи хиттер» концерті, сондай-ақ Батырхан Шүкенов пен «А-Студио» тобының шығармашылығына арналған әндер кеші өтті.

Маусымның қорытынды концерті музыкалық бағдарламаны жалғастырады. «MTV-дің әлемдік хиттері» кешінде көрермендерге қазақстандық музыканттар мен шоу-ұжымдардың орындауындағы әлемге танымал музыкалық композициялар ұсынылады.

Сахнада DJ Angel, Let’s Goga, Tuezday Show, Jakarta Music Show және Qazaq Band өнер көрсетеді. Кештің хедлайнері – RinGo тобы.

Осылайша, «MTV-дің әлемдік хиттері» концерті жазғы Expo Music Fest маусымының қорытынды музыкалық шарасы болады. Фестиваль аясында EXPO жазғы сахнасында түрлі музыкалық бағыттардың өкілдері бас қосып, елорданың кең аудиториясын біріктірді.

Айта кетейік, EXPO аумағындағы жазғы бағдарлама 30 тамыз күні балаларға арналған арнайы Expo Kids Day шарасымен жалғасады.

Еске салсақ, 8 тамызда EXPO жазғы сахнасында Expo Music Fest жазғы концерттер маусымы аясында «Заманауи хиттер» концерті өтті.