Жамбыл облысында 56 кг есірткіні сатпақшы болған ер адам 8 жылын абақтыда өткізеді
Тұрар Рысқұлов ауданының соты есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін айыпталған азамат А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы), деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сотпен анықталғаны
Шу ауданының тұрғыны А. 2025 жылғы тамызда аса ірі мөлшерде сату мақсатында - 56,7 кг есірткі затын (кептірілген марихуана) заңсыз жинап, оны Т.Рысқұлов ауданының Қонаев ауылына тасымалдап, жасырған. 2025 жылғы қыркүйекте Түрксіб станциясының полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері А.-ның қылмыстық әрекеттерінің жолын кесті.
Сотталушының кінәсі сотталушының өзінің және куәлердің айғақтарымен, полиция қызметкерлерінің баянаттарымен, тінту материалдарымен және сараптама қорытындысымен толық дәлелденді.
Тараптардың позициясы
Прокурор 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот үкімі
ҚК 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот кінәні мойындауын, өкініш білдіруін және сотталушының оң қырынан сипатталуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен А. ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.