Enrique Iglesias концерті кезінде «Астана Арена» маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Enrique Iglesias концерті кезінде «Астана Арена» маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада 3 қыркүйек күні сағат 20:00-де әлемге әйгілі әнші Enrique Iglesias концерті өткізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көрермендердің стадионға жылдам жетуі мен қозғалысын ұйымдастыру мақсатында «Астана Арена» стадионы маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Шектеу «Алау» мұз сарайы жағынан (Марко Поло көшесі) және «Сарыарқа» велотрегі жағынан (Месроп Маштоц көшесі) енгізіледі», делінген хабарламада.

Фото: Астана әкімдігі

Концерт қонақтарына арнайы шаттл автобустар ұйымдастырылады. Олар сағат 16:00-ден бастап қаланың төрт тұрақ аймағынан «Астана Арена» стадионына қарай қатынай бастайды. Көрермендер көлігін тұраққа қалдырып, стадионға шаттл автобуспен жете алады. Концерт аяқталғаннан кейін шаттл автобустар көрермендерді сол тұрақтарға жеткізеді.

Шаттл автобустар мына мекенжайлардан қатынайды:

• Елорда циркі маңындағы тұрақ;

• «Әзірет Сұлтан» мешіті маңындағы тұрақ;

• Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешені маңындағы тұрақ;

• «Нұр-Сұлтан» мешіті (Бас мешіт) маңындағы тұрақ.

Сонымен қатар көрермендер концерт өтетін орынға тез әрі ыңғайлы жету үшін «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлікті пайдалануға болады.