Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Халықаралық энергия үнемдеу күніне орай «Электр энергетикасы мен энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ және елорданың «Нұра» ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен №101 мектепте энергия тиімділігін және «ӨМІР» экологиялық сертификаттау таңбасын беру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Бауыржан Смағұлов, «Нұра» ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова, ҚР ЖПҚ Өнеркәсіп комитеті Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасы басшысының м.а. Ілияс Қалдыбайұлы, «Электр энергетикасы мен энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ Басқарма төрағасы Елдос Абаканов қатысты.

Алдымен фойеде өткен таңбалаудың тақтайшаларын ашу салтанатында №101 мектеп директоры Алма Жұмабекова мен «Kaz-GBC» атқарушы директоры Александр Белый «ӨМІР» таңбалауы мен энергия тиімділігін таңбалау туралы айтып өтті.

Одан кейін энергия үнемдеу бойынша заманауи құралдармен жабдықталған физика кабинетінің тұсаукесері өтті. «Электр энергетикасы мен энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ департамент директоры Марат Қалменов жабдықтарды таныстырды. Өз кезегінде №101 мектептің физика пәні мұғалімі Бақтыгүл Есжанова оқушылар үшін физика кабинетінде жабдықтарды орналастырудың маңыздылығы мен практикалық құндылығын атап өтті.

Мәжіліс залында өткен іс-шараның негізгі бөлімінде «Энергия үнемдеу балалардың көзімен» атты оқушылар арасындағы сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қабылданған 60 жұмыстың ішінен 3 жас санат бойынша 9 оқушы жүлделі орынға ие болды.


Іс-шара барысында мектеп оқушылары «Таза Қазақстан», экология, энергия үнемдеу туралы өлеңдер оқып, патриоттық әндерді шырқады.
Айта кетсек, бұған дейін Халықаралық энергия үнемдеу күніне орай ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен, «Электр энергетикасы мен энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ ұйымдастыруымен Астанада Energy Saving Week – 2025 аясында VII Халықаралық энергия үнемдеу форумы өткен болатын.