Энергетика министрі: Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу мерзімін кейінге қалдыруға жол берілмейді
Астанада Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысы мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талқылауға «Самұрық-Қазына» қорының, «QazaqGaz», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының, «ҚМГ Қарашығанақтың» басшылығы және акционерлер қатысты.
Энергетика министрі қуаттылығы жылына 5 млрд текше метрге дейін газ өңдейтін Қарашығанақ ГӨЗ-ін салу Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы және Газ саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарының негізгі элементі екенін атап өтті. Жобаның басты мақсаты — ішкі нарықтың тауар газына артып келе жатқан қажеттілікті өтеу және Орынбор ГӨЗ-іне тәуелді өңдеу қуатын әртараптандыру арқылы импортқа тәуелділікті төмендету.
Кездесу барысында Ерлан Ақкенженов жобаның іске асырылу барысы туралы есептерді тыңдады. Қазір жобаның экономикалық тиімділігі расталды және Қытайдың «CITIC Construction» корпорациясымен келісімге қол қойылды. FEED (базалық жобалау) кезеңіне дайындық басталды, сондай-ақ жер учаскесі, инфрақұрылым және шикізат базасымен қамтамасыз ету мәселелері пысықталып жатыр.
Стратегиялық жобаның бірыңғай операторы болып «QazaqGaz» ұлттық компаниясы белгіленді. Бұл шешім компанияның ірі газ активтерін басқарудағы ұзақ мерзімді тәжірибесіне байланысты қабылданды.
Қатысушылар Қарашығанақ жобасының шетелдік акционерлерімен келіссөздер барысына ерекше назар аударды. Министр шикі газды кепілді жеткізу, баға белгілеу және зауытты кен орнының қолданыстағы инфрақұрылымымен интеграциялау мәселелерін тезірек реттеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кеңес барысында газды кәдеге жаратқаны үшін төлем механизмін әділ реттеу мәселесі көтерілді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келіссөздердің созылуы жобаның белсенді құрылыс кезеңіне өтуіне кедергі келтіріп отырғанын айтты.
«Қазақстан үшін бұл зауыттың маңызы зор, сондықтан жобаның басталу мерзімін кейінге қалдыруға жол берілмейді. Мемлекетке нәтиже керек. Жоба қарқынды түрде және біздің ұлттық экономикалық мүдделерімізге толық сәйкес іске асырылуы тиіс. Консорциумнан сындарлы және жедел ұстаным күтеміз», - деп қадап айтты Ерлан Ақкенженов.
Кеңес қорытындысы бойынша министр мемлекеттің ұстанымы өзгермейтінін: жоба ұлттық мүдделер үшін барынша тиімді жүзеге асырылуы керек екенін, ал барлық қатысушымен ортақ мәмілеге келу – жақын болашақтағы басым міндет екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауыты салынады.