Референдум-2026

Елорданың Есіл ауданы аумағында заңсыз құрылыс қалдығын төккендер анықталды

Елорданың Есіл ауданы аумағында заңсыз құрылыс қалдығын төккендер анықталды
Фото: Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігі

Есіл ауданы әкімдігі мен полиция басқармасының өкілдері бірлесіп аудан аумағында заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және олардың алдын алу мақсатында кезекті рейд жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz аудан әкімдігіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында құрылыс қалдықтарын белгіленбеген аумаққа төгу әрекеті анықталып, оның жолы кесілді. Құрылыс қоқысын тасымалдаған 2 жүк көлігі тоқтатылып, көліктер пен жүргізушілер тиісті түсініктеме беру үшін полиция бөліміне жеткізілді.

Аталған факт бойынша жиналған материалдар Астана қаласы Экология департаментіне жолданды.

«Аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау және заңсыз қоқыс тастаудың алдын алу мақсатында рейд тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 10 мың тоннадан астам заңсыз қоқыс шығарылып, аумақтарды тазарту жұмысы жалғасып жатыр», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Астанада 57 мың тонна қоқыс шығарылып, 55 заңсыз үйінді жойылды.