Астанада 57 мың тонна қоқыс шығарылып, 55 заңсыз үйінді жойылды
Елордада заңсыз қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру қағидаларын бұзушыларды анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қаланың барлық ауданында тұрақты мониторинг ұйымдастырылып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда елорда аумағында 99 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 55-і толықтай жойылып, қалған 44 учаскеде тазарту жұмыстары жалғасуда. Жалпы көлемі шамамен 57 мың тонна қалдық шығарылып, жұмысқа 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
"Есіл" ауданында тазалау жұмыстары Хусейн бен Талал көшесінің жалғасында (Тұмар Village коттедж қалашығы маңы), әуежайға апаратын тасжол бойында және Әлжан ана мешітінің қарсы бетінде жүргізілуде. Бұл аумақтардан 8 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, қайта қоқыс тастаудың алдын алу үшін кіреберіс жолдарға шектеу аркалары мен қорғаныс блоктары орнатылған.
"Сарайшық" ауданында Шәмші Қалдаяқов көшесі бойымен Ұлы дала даңғылынан Нұрлы жол вокзалына дейінгі аралықта және LRT станциясы маңында тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Мұнда 10,5 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды.
Сарыарқа ауданында жыл басынан бері анықталған 10 заңсыз қоқыс ошағының барлығы жойылды. Аумақтан 11,8 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.
"Алматы" ауданында биыл заңсыз қоқыс тастау фактілері тіркелмеген.
"Байқоңыр" ауданында 13 учаскеден 20 мың тоннадан астам қалдық экологиялық полигонға жеткізілді. Сондай-ақ қоқыс жиі төгілетін 18 орын тұрақты бақылауға алынып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 13 бейнебақылау камерасы орнатылды.
"Нұра" ауданында 45 учаске анықталып, оның 12-сі ірі заңсыз қоқыс үйіндісі ретінде белгіленген. Бұл аумақтардан 7,1 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, қайта ластанудың алдын алу үшін дрондар арқылы мониторинг жүргізілуде.
Экологиялық полицияның мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз қоқыс тастауға қатысты 6 құқық бұзушылық тіркеліп, кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша айыппұл салынған.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап заңсыз қоқыс тастағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда жаза екі есеге артып, көлік құралын тәркілеу сияқты қосымша шаралар да қолданылуы мүмкін.