Елордада жасанды интеллектке негізделген білім тақырыбында халықаралық ғылыми форум өтіп жатыр

Елордада жасанды интеллектке негізделген білім тақырыбында халықаралық ғылыми форум өтіп жатыр
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Астана қаласында Халықаралық ғылыми жобалар, инновациялар және технологиялар конкурстарының (ISF4Child) жеңімпаз оқушыларының IV Халықаралық ғылыми форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Форум Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасымен, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығымен бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ұлттық зияткерлік меншік институтының (Qazpatent) қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара International Centre of Scientific Collaborations жеке мекемесінің бастамасымен «Ғылымдағы балалар» жобасы аясында өтіп отыр. Сондай-ақ форум «Бір белдеу және бір жол» халықаралық ғылыми-білім беру консорциумы, Nursultan Nazarbaev qory және Қазақстанның бірқатар ғылыми институттарымен ынтымақтастықта өткізіледі.

Іс-шара Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтеді. Бұл STEM білім беруді дамыту мен жасанды интеллект саласына маман даярлаудың стратегиялық маңызын айқындай түседі.

Форумның негізгі тақырыбы – «STEM: жасанды интеллектке негізделген білім».

Аталған форум 2023 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ол Қазақстан ғылым қызметкерлері күніне орайластырылған және оқушылар арасында ғылыми сауаттылықты арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Форумның мақсаты – ғылымды насихаттау, оқушылардың ғылыми құзыреттілігін дамыту және 2025–2026 жылдары халықаралық ғылыми байқауларда жеңіске жеткен қазақстандық оқушылардың жетістіктерін таныстыру.

Форум – оқушылар халықаралық жобаларға қатысу тәжірибесімен бөлісетін, ғылыми ойлау мен ғылыми дипломатия дағдыларын қалыптастыратын ашық диалог алаңы.

Тұңғыш Президент кітапханасы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келетін 400-ден астам оқушыны қабылдайды. Олардың қатарында халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпазы мен жүлдегері, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген «Ғылымдағы балалар» жобасының түлектері бар.

Құрметті шетелдік қонақтар қатарында:

Хянг Пинг Ву – BRISEC президенті, Қытай ғылым академиясының академигі;

Манзур Хусейн Сомро – профессор, BRISEC вице-президенті;

Ли Джу Хен – профессор, WICO және ICPC халықаралық ғылыми байқауларының президенті(Оңтүстік Корея).

Үш күн бойы қатысушыларды мазмұнды бағдарлама күтеді.

9 сәуірде форумның салтанатты ашылды, халықаралық сарапшылар сөз сөйледі және жеңімпаз оқушылар ғылыми жобаларын таныстырды.

10 сәуірде қатысушылар Астанадағы жетекші университеттерге – Nazarbayev University, Coventry University және Maqsut Narikbayev University оқу орындарына ғылыми турларға барады. Сондай-ақ жасанды интеллект, инженерия және академиялық жазу бағыттары бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

11 сәуірде форум қатысушылары дәрістерді, ғылыми шоуларды және білім беру тректерін қамтитын PRO.NRG.FEST ғылыми-көпшілік фестиваліне қатысады.

Форум аясында AI жобаларды әзірлеуден бастап, білім беру, агросектор және әлеуметтік салаға технология енгізуге дейінгі практикалық бағыттарға ерекше назар аударылады.